Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс-Қазақстан облыстық бейнелеу өнерінің мұражайы Қазақстандағы ең бай көркемөнер құндылықтарының жинағы болып табылады. Мұражай 1985 жылы ашылды. Ол Тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми-көркемөнер бөлімінен құрылды. Коллекция сәулет ескерткіші – көпес Степановтың үйінде орналасты. Бұл ғимаратты Бірінші гильдиялы танымал семейлік көпес Федор Степанов XIX ғасырдың 70-жылдары салған болатын.
Мұражайдың қорында барлығы 5000 өнер туындысы сақталған. Мұражай коллекциясының маңызды бөлігін Невзоровтар отбасының әйгілі жинағы құрайды. 1988 жылы Невзоровтар отбасы (Юлий Владимирович, оның зайыбы Антонина Михайловна және қызы Юлия Юльевна) орыс, совет, шетелдік өнердің 569 туындысын мұражайға сыйға тартады. XVIII ғасырдың соңы- XX ғасырдың басындағы орыс кескіндеме және графикасының бай коллекциясы Кеңес Одағының 15 қаласында көрсетілді. Юлий Невзоровқа коллекция әкесі мен атасынан мұраға қалған, ол оны өзі толықтырып, өз бетінше зерттеп бір жүйеге келтіреді.
Өнер туындылары академиялық мектептен бастап Орыс суретшілері одағының шеберлеріне дейін орыс кескіндемесінің даму тарихын көрсетеді. Мұражай экспозициясында пейзаждың танымал шеберлері И.Шишкин, Ф.Васильев, А.Куинджи, А.Киселев, И.Левитан, К.Коровин, Орловский, Т.Дворников, М.Аладжалов, И.Остроухов, С.Жуковский, Семен Щедрин, Михаил Иванов, Ф.Алексеев, Сильвестр Щедрин, М.Лебедев, А.Саврасовтың еңбектері көрсетілген. сондай-ақ К.Брюллов, В.Тропинин, А.Венецианов, А.Мокрицкий, Е.Крендовский, И.Хруцкий, Устианович, И.Крамский, Н.Ге, В.Маковский, Н.Богданов – Бельский және тағы басқаларының жұмыстары көрермен назарын өзіне аударады. Коллекцияда совет кезеңінің өнері П.Петровичев, О.Петровичева, В.Пчелин, М.М.Шемякин, В.Лебедева, Ф.Константинов, Н.Канюс, В.Осиповтың жұмыстары арқылы кең көрсетілген.
Қалаға мұндай сый тартқаны үшін алғыс ретінде 1991 жылы мұражайға Невзоровтар отбасы аты берілді. Қазақстан мәдениетін дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін Юлий Невзоров «Парасат» орденімен марапатталды.
Орыс кескіндемесінен бөлек мұражайда шетел өнері туындылары да экспозицияға қойылған. XVII—XIX ғасырлардағы голландия, ағылшын, француз шеберлерінің картиналары мен нақыштары жеке коллекциялардан сатып алынды, сондай-ақ А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайы сыйға тартты.
Қазақстандық кескіндеме коллекциясы мұражай ашылғаннан бері жинала бастады. Көшбасшы шеберлердің шеберханаларына бару нәтижесінде мұражай 80-90 жылдардың өзінде қазақстандық суретшілердің көптеген туындыларын сатып алды. Экспозицияда Ә.Қастеевтің, С.Калмыковтың, Л.Леонтьевтің, А.Черкасскийдің, А.Ғалымбаевтың, Е.Сидоркиннің, П.Зальцманның, Г.Исмаиловтың, С.Мамбеевтің, Ж.Шарденовтің еңбектері көрсетілген. ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы «қаһарлы стильдің қазақстандық нұсқасының» қазіргі заманғы жұмыстары А.Сыдыхановтың, А.Аканаевтың, С.Айтбаевтың, Т.Тоғысбаевтың еңбектері арқылы көрсетілген. Қазақстандық кескіндеме дәстүрін 70-80 жылдардың суретшілері жалғастыруда: Е.Төлепбаев, Д.Алиев, Б.Түлкиев, С.Маслов, А.Есдәулетов, Б.Бапишев. Бұл шеберлердің жұмыстары экспозициялық залдарды ақырындап толықтыра бастады. Оларға қазіргі заманғы жас суретшілердің туындылары қосылды, бүгінгі күні қазақстандық бейнелеу өнерінің коллекциясы 2000-нан астам сақтау бірлігін құрайды.