Мекен-жайы: Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылы, Жамбыл көшесі 1. Телефон: 8 (72770) 57 7 75
Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы Қазақстан үкіметінің шешімімен танымал ақын өмірінің көп бөлігін өткізген үйде 1947 жылы ашылды. Жамбыл Жабаев – айтыс өнерінде үлкен із қалдырған Қазақстан тарихындағы суырып-салма ақындары ішіндегі ең көрнекті ақындарының бірі. Ол ауызша қазақ шығармашылығын насихаттаған қазақ фольклорының үлкен білгірі болған. Жамбыл үлкен поэтикалық мұра қалдырды.
Ақын қайтыс болғаннан кейін Қазақстан жазушылар одағы ақынның есімін мәңгілікке қалдыру және мемориалды мұражай-үйді құру туралы республика үкіметіне өтініш білдірді. Осылайша Мәскеудегі А.С.Пушкин, В.Маяковский және т.б. мұражай-үйлер ұйымдастырылған принцип бойынша Жамбылдың жеке үйі мұражайға айналды.
Ақынның мұражайы баубақшамен қоршалған үйде орналасқан. Бұл бақшада әйгілі ақын жерленген жерде мавзолей орнатылған. Үй күнделікті тұрмыс және жиһаз заттарымен бірге бастапқы күйінде сақталған. Әрбір экспонат ақын өмірімен байланысты және оның шығармашылығының белгілі бір кезеңін көрсетеді.
Ә. Қастеевтің қыл қаламынан шыққан «Сүйінбай» портреті Жамбылдың өз ұстазы, әйгілі ақын Сүйінбайға деген құрметін көрсетеді. Кезінде ол жас ақынның талантын бағалаған, осыған құрмет ретінде Жамбыл бірнеше өлеңін Сүйінбайға арнаған.
Мұражай экспозициясында ұлы ақынның домбырасы қойылған. Дәл осы домбырамен Жамбыл өз уақытының атышулы шеберлері – Құлмамбет және Досмағамбетпен айтыста сөз тартысты. Осы тартысты суреттейтін картиналар да мұражайда қойылған. Өлеңдерінің бір бөлігін Жамбыл 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа арнады. Мұражай залында мүсінші Х. Наурызбаевтың туындысы – қозғалыс көшбасшысы Амангелді Имановтың бірегей портреті көрсетілген. Залдарда Жамбылдың Мәскеудегі қазақ өнерінің он күндігіне қатысуына арналған көп материалдар сақталған. Жамбылдың мемлекеттік марапаттар коллекциясы да қызығарлық: депутаттық мандаттар, Қызыл Еңбек Туы ордені, Ленин ордені.
Мұражайдың экспонаттары ақын шығармашылығындағы маңызды кезең – соғыс уақытын да көрсетеді. Жамбыл Ұлы Отан Соғысы далаларында айқасқан Отан қорғаушыларға көп өлеңдер арнады. Олар мұражайда сақталған «Соғыс жылдарының өлеңдері» жинағына енді. Жамбылдың кабинетіндегі сағат 7 сағат 55 минут – ұлы ақынның жүрегі тоқтап қалған уақытты көрсетіп тұр.
150-жылдық мерейтой қарсаңында Жамбылдың әдеби мұражай-үйі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен толық реставрациядан өтті.