Бұрын Ақмола облыстық мұражайы ретінде танымал болған Астана қаласының қазіргі заман өнер мұражайы көпшілік үшін тың және тыңайған жерлерді игерудің 25-жылдығына орай 1980 жылғы 2 қазанда ашылды. Мұражай ашылғаннан бері қорлар Көркем көрмелер дирекциясының, өмірі мен шығармашылығы қаламен тығыз байланыста өткен суретшілер мен коллекция жиюшылардың сыйға тартқан жұмыстарымен, сондай-ақ жергілікті авторлардың түрлі шығармаларын сатып алу жолдарымен толығып отырды.
Бүгінгі күні мұражай коллекциясы 3000-нан астам шығармадан тұрады. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Ураина, Белоруссия, Өзбекстан, Грузия, Армения, Латвия, Литва, Эстония, Тәжікстан және Достастықтың өзге елдері суретшілерінің бірегей шығармалары бар.
Мұражай коллекциясында бейнелеу өнерінің барлық жанрлары көрсетілген, шығармалардың тақырыбы, жұмыс техникасы да әр түрлі.
Пейзаж жанрының үлкен шеберлері ҚазКСР-дің халық суретшілері Ә. Қастеев, К.Телжанов, ҚазКСР-дің еңбек сіңірген суретшілері А.Исмаилов, Ж.Шарденовтің шығармалары қойылған. Портреттер экспозициясының арасында әйгілі суретшілер Г.Исмаилованың, Б.Неменскийдің, Татарстан халық суретшісі К.Муллашевтің және т.б. еңбектері көрсетілген. Натюрморт жанрында халық суретшісі А. Ғалымбаеваның, ҚазКСР еңбек сіңірген қайраткер Е. Төлепбаевтың, КСРО халық суретшісі Д.Налбандян, А.Лопуховтың туындылары мұражайдан өз орнын тапқан. Жас шеберлерлердің қатарында А.Нода, М.Бекеев, А.Обедин және т.б. суретшілер қойылған. Мүсін өнерінің жанры ҚазКСР халық суретшісі Х. Наурызбаев, ҚазКСР еңбек сіңірген суретшісі А. Билык, РСФСР халық суретшісі Е. Вучетич, КСРО халық суретшісі Л. Кербель, Л.Колотилина, Е.Сергебаев, Б.Тулеков, В.Пирожковтың туындыларымен көрсетілген. Сондай-ақ, мұражайда сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының қызықты коллекциясы жиналған.
Соңғы жылдар ішінде мұражай кескіндеме, графика, мүсін өнерінің 150-ден астам шығармаларын сатып алды және оларды мұражайға суретшілер мен коллекционерлер сыйлады.
Жыл сайын мұражай 50-ден астам стационарлық және көшпелі көрме ұйымдастырады. Бір жыл ішінде мұражайға 70 000 адам келеді. 1000-ға жуық іс-шаралар, консультациялар жүргізіледі. Экскурсиялық қызмет 12 000-нан астам адамға, ал дәрістік 2000-ға жуық адамға көрсетіледі.
Мұражай коллекциясы тұрақты түрде толығып жаңарып отырғандықтан, көрермен Қазақстан өнерінің даму тарихының панорамасын, көркемөнер стильдері мен бағыттарының даму кезеңдерін көруге мүмкіндігі бар.
«Атамекен» Қазақстанның картасы» этно-мемориалдық кешені 2001 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша ашылды. «Атамекен» этнокешенін құрудағы және қызметінің негізгі мақсаты тарихи-мәдени және рухани құндылықтардың сақталуын, қолжетімділігін қамтамасыз ету және халықты оларға араластыру, Қазақстан мәдениетінің жетістіктерін насихаттау, Қазақстанның барлық табиғи аймақтары мен экономикалық жетістіктерінің көптүрлілігін көрсету, мәдени құндылықтарды сақтау және еселей түсу болып табылады.
Алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайы 1990 жылы Алматы қаласында құрылды. Кейіннен, Республика елордасының ауысуына байланысты 2000 жылғы қазанда мұражай Астана қаласына көшіріліп, Президенттік Мәдениет орталығына орналысты.