«Жерұйық» саябағы жаңа елордада негізі қаланған алғашқы объектілердің бірі болды. Астана жаңаша түрлену жолын жаңа ғана бастап жатты, болашақ министрліктер мен мекемелердің жаңа ғимараттары жаңа ғана жоспарланып жатты. Дегенмен, елорданың әсемдігі мен қала тұрғындары үшін жайлылығын қамтамсыз ету басты бағдар болды, осы тұрғыда Жерұйық саябағының сол кезде салынған тұңғыш нысандардың бірі болуы кездейсоқтық емес.
1998 жылдың көктемінде «Жерұйық» саябағының бірінші кезегі жоспарланып, көгалдандыру жұмыстары басталды. Қаланың барлық тұрғындары саябақтың алғашқы көшеттерін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өз қолымен отырғызғанына куә болды. Жаңа саябақты қалыптастыруға еңбек сенбіліктеріне жүйелі түрде шығып отырған орталық басқару органдарының қызметкерлері белсене қатысты. Кейінірек оның ішкі алаңдары жайластырылды, қазіргі күні қала тұрғындары ағаштардың уақыт өткеннен кейін өркен жайып, жайқалғанын тамашалауда, көгал балғындығында, ағаштың көлеңке саясында демалады және, ең бастысы, болашақ ұрпақтардың игілігіне қалатын өз еңбегіңнің жемісін көрудің ғажайып сезіміне бөленіп отыр.
«Жерұйық» саябағын он жылдан астам уақыт бұрын салу басталды, бірақ оның салтанатты ашылуы 2008 жылы болды, сол кезде саябақ өзінің алғашқы келушілерін қабылдады. Жас тал-шіліктердің тамыр жүгіртіп, өркен жаюына толық 10 жыл уақыт қажет болды. Саябақтың жалпы алаңы 21 гектарды құрайды, мұнда ағаштар мен бұталардың он бір түрінен 10 мыңға жуық көшет егілген. Олардың арасында қарағай, қайың, терек пен мойыл және ағаштардың т.б. көптеген түрлері бар. Саябақ көгалының жалпы аумағы 95 мың шаршы метрді, ал саябақ айналасындағы қоршаудың ұзындығы 3,5 мың метрді құрайды. Бүгінде мұнда жаяу жүргіншілер соқпақтары мен велосипед жолдары төселіп, орындықтар, мүсіндік композициялар мен басқа да кіші сәулет нысандары орнатылған.
Ертегідегі сияқты атауы бар «Жерұйық» саябағы бүгінгі күні Астананың аса көркем саябақтарының бірі саналады, ол Бауыржан Момышұлы даңғылының бойында Мағжан Жұмабаев даңғылының қиылысында орналасқан. Ыңғайлы кіреберіс жолдар мен тұрақтардың болуы, тұрғын үй кешендеріне жақын орналасуы, сұлу табиғат пен бой түзеген әдемі кескіндер, қажетті инфрақұрылымның болуы бұл орынды отбасы демалыстарының кез келген түрлері үшін аса тартымды етеді.
Саябақ аумағында балалар үшін жайлы ойын алаңдары мен түрлі аттракциондар жасалған. Велосипедпен серуендеушілер мен спорттық жүгірудің әуесқойлары арнайы бөлінген сүрлеу жолдың болуын тиісінше түрде бағалайтыны сөзсіз.
Аңыз ағаш «Бәйтерек» түріндегі мүсіндік композиция «Жерұйық» саябағының өзіндік бейне бір жауһарына айналды. Ол саябақтың орталық бөлігінде, кірме жолдан алыс емес орналасқан. Аңыз ағаштың айналасында екі басты пырақтар қалықтайды, ал оны ертегідегі төрт бейне – тигро-грифондар қорғайды. Ғажайып мүсін өткенді жалғастырып, болашаққа ұмтылған шексіз өмір ағысын бейнелейді.
2008 жылы «Жерұйық» саябағын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір мәрте тамашалап қайтты, Елбасы атқарылған жұмыспен және саябақтың екінші кезегінің аяқталу мерзімдерімен танысты.