«Астана-Бәйтерек» монументі Астананың басты көрікті орны ғана емес, сондай-ақ егемен Қазақстанның аса маңызды символдарының бірі болып табылады. Монумент құру идеясы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тиесілі. Бәйтерек өзінің тарихи тамырларын сақтап, берік негізі мен болашақ өркендеуге ұмтылған мемлекетті әйгілейді. Монумент мағынасының эпикалық түсіндірмесі де бар, оған сәйкес Бәйтерек қазақ халқының дүниетаным туралы көрінісін білдіреді. Аңызға сәйкес Бәйтерек – қасиетті Самұрық құсы ұмтылатын өмір діңгегі. Самұрық өмір мен үміт сыйлайтын алтын жұмыртқа – Күнді дүниеге әкелу үшін оның биік ұшарбасынан пана табады. Ал бұл сәтте діңгектің жанында жұмыртқаны қарпып қалғысы келетін аш құрсақ Айдахар тасаланып тұр. Осылайша жақсылық пен жамандықтың мәңгі күресі көрсетілген. Айналасында Әлемдік өзен ағып өтеді, ал жағалауында ұшарбасымен аспан тіреп, тамырымен жерге ойысқан Бәйтерек тұр.
«Астана-Бәйтерек» монументі 2002 жылы ашылды. Металдан, шыны мен бетоннан жасалған бұл бірегей сәулет құрылысының ауқымы таң қалдырмай қоймайды: биіктігі 105 метр, салмағы 1000 тонна металл конструкциясына 500 қада тірек болып тұр. Әлемде тұңғыш рет диаметрі 22 метр және салмағы 300 тонна болатын, күн сәулесіне қарай түсін өзгертетін «құбылмалы» шар 97 метрге көтерілді. Құрылыс кезінде жерге орналастыру жұмыстарының алаңы 8600 м³, бетон жұмыстары 2900 м³, металл конструкциялары 999 тоннаны, күмбезді шынымен көмкөру жұмыстары 1555 м² құрады.
Бәйтерек монументі өз тұрғысында символ болса да, оның әрбір бөлшегінен символикалық жолдаулар оқуға болады, мысалға, мұнарасының биіктігі 97 м құрайды, бұл 1997 жылы елорданы Алматы қаласынан Астана қаласына ауыстыру күнін айшықтайды.
«Астана-Бәйтерек» монументінің негізгі идеясы – Бейбітшілік Діңгегі. Діңгектің негізгі қызметі: дүниетанымның негізгі үш – төменгі (жер астындағы), орта (жер үстіндегі) және жоғарғы (аспандағы) деңгейін біріктіру. Монументтің сәулетінде төменгі деңгей жер астында -4.5 метрде орналасқанынан көрініс табады, онда кафе, аквариумдер, сондай-ақ танымал суретші Ерболат Төлепбайдың жұмыстарын қамтитын кіші галерея де бар. Панорамалық жеделсатыларда «Бәйтерек» ағашының бойымен (орта деңгей) көтерілгеннен кейін қонақтар аспандағы деңгейді – бар мен панорамалық залды, әлемдік діндердің өкілдері қолдарын қойған 17 жапырақтан тұратын ағаш глобус орнатылған шарды тамашалай алады. Сондай-ақ мұнда Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев алақанының бедерлемесі - Қазақстан халқының ғаламшарымыздағы бейбітшілік пен тыныштыққа деген аялы қарым-қатынасының символы «Аялы Алақан» да орналасқан.
Мұнда Астананы – Есілдің сол жағалауындағы заманауи іскер аудан мен өзеннің оң жағалауындағы алаңы кең жайлы аудандарды «қалықтаған құс» биіктігінен тамашалауға болады.
Жыл сайын Монументті тамашалау үшін Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ алыс және таяу шет елдерден келген туристер көптеп келеді. Қонақтарға өз өнімдерін ұсынатын екі кафе-бар, «Астана – Бәйтерек» символикасы бар кәдесый өнімдері мен ұлттық кәсіпшілік бұйымдарын сататын дүкен қызмет көрсетеді. Қонақтарды қабылдаумен және оларға қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпорынның барлық қызметкерлерінде бейдждер мен әрбір қызмет үшін арнайы әзірленген және жыл сайын жаңартылып тұратын, ұлттық ою-өрнек элементтерімен нақышталған дербес униформа бар. «Астана-Бәйтерек» монументінің жарық та, кең де көрініс залдарында ресми және мәдени іс-шаралар өтеді. Экскурсия жетекшілері мемлекеттік, орыс, шет тілдерінде Қазақстанның барлық аймақтарынан, сол сияқты таяу және алыс шет елдерден келген елорда қонақтары үшін шолу экскурсияларын өткізеді, қызығушылық танытып отырған сұрақтарына тілектестікпен жауап береді.
Бүгінде «Астана-Бәйтерек» монументі ұлттық брендке айналды, әлемдік қоғамдастық оны елордамен ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстанмен орнықты түрде байланыстырады. Бәйтерек Астана қаласының ғана емес, бүкіл қазақ халқының игілігіне айналды.
Жер-ана монументі Астананың 2008 жылы ашылған аса қызықты ескерткіштерінің қатарына жатады. Монументте алып бұқаның үстінде тұрған сақ ханшайымы Томирис бейнеленген. Алып бұқа өз кезегінде аса ірі тұғырда орналасқан. Екі барыс пен қылыштың қорғауындағы Томирис қолын кеңге жайған кейіпте.
Астананың орталық аудандарының бірінде, Есіл өзенінің жағасында заңғар ат үстіндегі адамның қашалған мүсіні алыстан көз тартады – бұл мемлекет қайраткері, қолбасшы Кенесары ханға арналған ескерткіш.