Аблайкит – XVII ғасырдың буддалық бекініс-монастырі. Ламаистік бекініс-монастрырьдің жақсы үлгісі. Өскемен қаласынан оңтүстікке қарай 60 км, Шығыс-Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 км, Сібе өзеніне жақын жерде орналасқан. Ол бұрынғы замандардан бері танымал ғалымдардың қызығушылығын туғызып келе жатыр. Ескерткішті жоңғар тайшысы Аблай тұрғызды.
ХV ғасырдың екінші жартысында үлкен көшпенді империя құру жолында Шығыс Қазақстанды жоңғарлардың батыс-моңғол тайпалары басып алады. Жоңғарлық феодал-тайшылар бекіністер мен буддалық ғибадатханалар сала отырып, осы аймақты толық игеруге тырысты. Осының салдарынан 1654 жылы Аблай тайшы Қалба жотасындағы Сібе өзендерінің етегіне діни кітапхана мен буддалық ғибадатханадан тұратын бекініс тұрғызды. Жоңғар феодалдарының арасындағы өзара соғыстың салдарынан 1671 жылы ғибадатхананың жартысы жанып кетеді. Аман қалған ғибадатхана кітапханасы мен бекініс қабырғалары, сол бетінше жылдар бойында қирап жойылуға душар болып қала берді.
Ғибадатхананың алғашқы сипаттауын 1654 жылы Аблай тайшыда қонаққа тоқтаған орыс елшісі Федор Иванович Байков жасады. Ол Қытаймен келіссөз жүргізуге жіберген мәскеулік делегацияны басқарды. Ресей елшілігі Бейжінге Аблай жерлері арқылы өтеді, оған «патша марапатын» ұсына отырып сол жерде қыстап шығады. Осында 7 ай және 7 күн қонақтап Аблайкит құрылысының басына куә болады. Ф.И. Байков бірінші болып көне сәулет құрылысын, тас сарайлар мен зәулім үйлерді атап, сипаттайды. Бұл жазбаны XVIII ғасырдың ортасында Г.Ф. Миллер ғылым академиясының басылымымен жарыққа шығарады, содан кейін Н.И. Новиков, Г.И. Спасский, Н.И. Иванов, Н. Сахаровтар басып шығарады. Аблайкит монастырі жайлы мәліметтер голландық географиятанушы және заңгер Николай Витзеннің кітабында кездеседі.
1735 жылы орыс геодезияшы Василий Шишков ғибадатхананың алғашқы жобасы мен суретін салады. Мұнда Петербордағы Азиялық мұражайдың негізі болған қолжазбалар табылады.
Сондай-ақ Аблайкит жайлы қысқаша мәліметтер XVIII ғасырдың саяхатшы-ғалымдары – Страленберг (1730), Миллер (1750), Гмелин (1751), Паллас (1786), Фальктардың (1824) еңбектерінде де бар.
XVIII ғасырдың бірінші ширегінде I Петрдің Қазақстанға және Орта Азия елдеріне қызығушылығы арта түсті, өйткені ол қазақ даласын «Азия елдеріне өтетін қақпа» ретінде көрді. Осыған байланысты мұнда бірнеше экспедиция ұйымдастырылды, соның ішінде Ертістің бастауына И.Д. Бухгольцтің (1715-1716 жж.) және И.М. Лихаревтің (1720 ж.) экспедициялары. Дәл 1720 жылы Өскемен бекінісінің негізі салынып және Аблайкиттен алып келінген қолжазбалар I Пертге жеткізілгеннен кейін, аталмыш ескерткіш ғылымға танылды.
1811 жылы көне ескерткіштерді қажымай ізденуші Г.И.Спасский Аблайкитке барып ескерткішке толық сипаттама беріп қирандыларды суретке түсіріп қайтты, ол суреттерге қарағанда сол кезде ғибадатхананың қабырғалары мен қақпалары бүтін болатын. 1826 жылы Ледебур қысқаша сипаттама жасайды. Ертістің жоғарғы жағының тарихы мен жағрафиясын зерттеген XIX ғасыр авторлары - Левшин, Гумбольд, Гуляев, Кастанье, Семенов-Тяньшанский - еңбектерінде Аблайкит жайлы мағлұматтар кездеседі.
Алғашында Аблайкит бесбұрыш формасындағы қабырға биіктігі 3-5 м, қалындығы – 3 м сазды ерітінділер негізінде тақтатастар мен гранит бөліктерден тұрғызылған ғимарат болды. Бүгінгі күні монастырьдің тек кірпіш пен қыштан құйылған құмыраларының сынықтары шашылған сұр топырақтан тұратын тікбұрышты үстірт жер сияқты сыртқы қабырғалары сақталып қалған.
Сонымен бірге қыш және қимасы жартылай шеңберлі жабынқыш және қыш қаптағыштардың қалдықтары кездеседі. Олардың бір бөлігі қанық көгілдір, жасыл сирек кезде қызыл әшекеймен жалатылған. Басты үстірттен солтүстік-батысқа қарай шамамен 30 м жерде екі үлкен ор бар: граниттің үлкен үйінділері жатқан жартылай шеңберлі шұңқыр мен дуал, оттың ізі қалған осындай үйінділер алғы шұңқырда да жатыр.
Ламалар мен ақсүйектердің үйі төртбұрышты формадағы еріп кеткен үстірт. Үстірт топырақтан, сұр және қызыл кірпіш қалдықтарынан тұрады. Қабырғалардың ішкі кеңістігінде басқа құрылыс нысандарының ізі жоқ.
Г.Ф.Миллердің Бірінші академиялық экспедициясының сипаттамасына қарағанда Аблайкит үш ғимараттан тұрды: ақ кірпіштен салынған қосып салынған орын-жайлары бар биік ғибадатхана; өрт кезінде жанып кеткен екінші қабаты ағаштан жасалған ламалардың үйі және кішіғұрым шаруашылық құрылыстар. Бірінші экспедициялар ғибадатхана орнында көптеген мүсіндерді, картиналарды, сәулесі бар бодхисаттв пен дхармапал бейнелерін, монғол тіліндегі қолжазбаларды тауып алды.
Өлкені зерттеушілерді Аблайкит бекінісінің қалдықтары әлі күнге дейін қызықтырады. А.А. Адриановтан кейін 1935, 1937 жылдары археолог С.С. Черников ескерткіш зерттеулерін жүргізді. Көз мөлшерімен өлшеу түсірілімі жолымен бекініс-монастырьдің жоспары құрастырлды. 1980 жылы қорғау тақтайшалары орнатылып, тексеру жүргізілді және бекіністің жағдайын тиянақтап, схемалық жоспары мен жаңа есеп құжаттамасы жасалынды.
Ескерткіштің қазіргі жағдайы туралы көріністі Шығыс-Қазақстан тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері 1990 жылы жүргізген зерттеу жұмыстары береді.
Тарихтағы Аблайкиттің маңыздылығын бағаламау өте қиын, өйткені ол орасан зор.өкінішке орай, көптеген шайқастардың куәгері бола отыра Аблайкит тарихи оқиғаларға төтеп бере алмай, кезінде болған ұлылығынан толық айырылды. Еуропа елдері Алтайда табылған қолжазбалар арқылы бірінші рет буддалық әдебиет құндылықтарына қол жеткізді десек, артық айтқанымыз емес.